Сайлауда өз таңдауымызды жасауға тиіспіз - Айдана Арсалан

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл 9 маусым күні сайлауды өткізу шешімін дер кезінде және дұрыс қабылданған деп есептеймін. Елбасы жариялаған Жастар жылында бізге өзіміздің азаматтық позициямызды білдіріп, мемлекетіміздің болашағы үшін сайлауға белсене қатысу мүмкіндігі туып отыр. Алматы облысы бойынша жастар ресурстық орталығының баспасөз хатшысы Айдана Арсалан осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлауға қатысу - бұл Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығы мен өз еркін білдіруге деген мүмкіндік. Біз жасауға тиіс алғашқы қадам - сайлау учаскелеріне келіп, өз дауысымызды президенттікке лайықты кандидатқа беру. Бұл - сырттай бақылап, шет қалуға болмайтын маңызды саяси оқиға. Өйткені еліміздің болашағы қандай болатыны республикамыздың әрбір тұрғынының таңдауына байланысты. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін әлемге танытты, беделін өсірді, көреген де салиқалы саясатының арқасында талай биіктерге шығарды. Осы дамудың даңғыл жолын одан әрі жалғастыру үшін біз сайлауға бір кісідей қатысып, өз таңдауымызды жасауға тиіспіз», - деді Айдана Арсалан.