Сайлауда таңертеңнен ұзын-сонар кезек болады деп күткен жоқпыз - Эстония депутаты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы президенттік сайлауда халықаралық байқаушы ретінде тіркелген Эстония парламентінің депутаты Денис Бородич Қазақстандағы электораттың белсенділігіне таңданысын жасырмады.

«Эстония Қазақстан үшін маңызды әріптес. Біз Қазақстанда ел билігін халықтың басым сеніміне ие болған басшы алады деп сенеміз. Маған ғана емес, сайлау комиссиясының жұмыскерлері үшін де халықтың сайлаудағы белсенділігі таңқалдырды. Таңертеңнен осындай ұзын-сонар кезек болады деп күткен жоқпыз. Болашақта сайлау комиссияларының қызметкерлерін көбейту керек болатын шығар. Бұл сайлаушылар үшін дауыс беру кезінде тек оң ықпал етеді. Шынымен сайлаушылар дауыс беру үшін сағаттап тұруға мәжбүр», - деді ол бүгін астаналық тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Қазақстандағы сайлау комиссияларының кәсіби біліктілігі жоғары.

«Мен үшін сайлауда адамдармен тілдесуді жөн көремін. Олардың көкейіндегі ойларды, елдегі жағдайға деген көзқарасын білуге тырысамын. Әзірге болжап айту қиын, дегенмен халық сайлаудағы өзінің дауысы маңызды екендігін түсінеді. Сайлау учаскелеріндегі қандай да бір бұзушылықтарды көрген жоқпыз. Сайлау комиссиясындағы қызметкерлердің шапшаңдығына, біліктілігіне риза болдым. Олар тізімде өз атын таппаған әйелге шұғыл көмек жасады және сол учаскеден дауыс беруге мүмкіндік берді. Барлығы заңға сай өтті», - деп атап өтті Д.Бородич.