Сайлаудың ұйымдастырылуы да, азаматтардың белсенділігі де таңғалдырды – ТМД байқаушылары

АСТАНА. KAZINFORM – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы миссиясы қазақстандықтардың Құрылтай сайлауына қатысу белсенділігін жоғары бағалады. Түске дейінгі байқау қорытындысы бойынша делегация қандай да бір заң бұзушылықтардың анықталмағанын айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Сайлау кезеңінде және дауыс беру күні миссия құрамында 69 байқаушы жұмыс істеп жатыр. Олардың бір бөлігі Астанадағы сайлау учаскелерінде, сондай-ақ Қазақстанның шет мемлекеттердегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан ашылған 9 шетелдік сайлау учаскесінде байқау жүргізді. Бұл туралы халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығында өткен брифингте Әзірбайжан Милли Меджлисінің қорғаныс, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің мүшесі Сабина Салманова мәлімдеді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Астанада ТМД ПАА байқаушылары таңертеңнен бері кем дегенде 13 сайлау учаскесін аралаған. Олардың қатарында №130, №175, №485 және №193 учаскелері бар.

– Таңғы уақыттан-ақ сайлаудың ұйымдастырылуы ғана емес, азаматтардың белсенділігі де мені таңғалдырды. Дауыс беруге егде жастағы адамдар да, жастар да келіп жатыр. Учаскелерде ұлттық байқаушылар да болды, біз олармен сөйлестік. Олардың арасында саяси партиялардан да, қоғамдық ұйымдардан да келген байқаушылар бар, – дейді Сабина Салманова.

Армения Ұлттық Жиналысының өкілетті өкілі Айк Чилингарян дауыс беру процесі заңнама талаптарына сәйкес өтіп жатқанын атап өтті.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

– Біз сайлау учаскелерінің ашылуына қатыстық, онда жергілікті байқаушылар болды. Бірнеше учаскеде партиялардың сенім білдірілген өкілдерімен де сөйлестік. Бір учаскеде халықаралық байқаушыларды кездестірдік. Әңгіме барысында барлығы сайлаудың тыныш, ешқандай заң бұзушылықсыз өтіп жатқанын растады. Осындай пікірді жергілікті ұйымдардың байқаушылары мен осы сайлаудағы кандидаттар штабтарының сенім білдірілген өкілдері де білдірді, – деді Чилингарян.

Миссия мүшесі сондай-ақ барлық учаскелерде байқаушыларға берілген есептен шығару куәліктері туралы ақпарат ұсынылатынын айтты. Айк Чилингарянның сөзінше, әр учаскеде орта есеппен осындай шамамен 10 куәлік берілген, ал тағы бес куәлікті сол учаскеде дауыс беру үшін сайлаушылар өздері ұсынған.

Қазақстандықтардың сайлаудағы жоғары белсенділігін Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің әлеуметтік саясат жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Юлия Лазуткина да атап өтті.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

– Халық, сайлаушылар дауыс беруге ықыласпен, көтеріңкі көңіл күймен келіп жатыр. Біз барған барлық учаскелерде тіркелген сайлаушылар саны айтарлықтай көп екенін байқадық. Ерекше атап өткім келетіні, біз болған 13 учаскенің бірде-бірінде үйде дауыс беруге өтініш түспеген. Яғни адамдар сайлау учаскесіне өздері келіп, өз еркін білдіруге ниетті. Бізбен бірге бірнеше халықаралық байқаушы да болды. Қазіргі сәтте біз барған учаскелерде ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ, – деді ол.

Байқаушылар учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсібилігіне де жоғары баға берді. Ресей Мемлекеттік Думасының ТМД істері, Еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Казбек Тайсаевтың айтуынша, сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық қажетті жағдай жасалған.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

– Бүгінгі сайлауға қатысу деңгейі бізді таңғалдырды. Көптеген учаскелерді араладық. Біз болған учаскелерде ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ. Керісінше, Орталық сайлау комиссиясына өте сауатты әрі білікті команда қалыптастырып, дайындай алғаны үшін алғыс айтқымыз келеді. Учаскелік комиссия төрағалары кез келген туындаған сұраққа жауап беруге дайын, білікті, сауатты мамандар. Сондықтан ешқандай қиындық жоқ, адамдар тыныш келіп, дауыс беріп жатыр, – деді ТМД ПАА миссиясының мүшесі.

Ол сондай-ақ жастардың дауыс беруге белсенді қатысып жатқанын және олардың өз таңдауына саналы түрде қарайтынын атап өтті.

-Достарымның, әріптестерімнің пікірін қолдаймын. Сайлауға қатысу деңгейі шынымен де лайықты. Әсіресе көптеген жастың саналы түрде келіп, не үшін және қай партияға дауыс беріп жатқанын жақсы білетіні қуантады, – деп қорытындылады Казбек Тайсаев.

Айта кетейік, бүгін еліміздің барлық өңірінде Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтеді.

Соңғы мәлімет бойынша, Құрылтай сайлауында сайлаушылардың 53,12 пайызы дауыс берді.

Құрылтай сайлауына қатысты барлық жаңалықпен мына сілтемеге өтіп оқи аласыздар.