«Сайлаудың ашық та жария өтуі - мемлекетіміз үшін үлкен сын» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 3 желтоқсан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан Тәу­елсіздігінің 20 жыл­дығы қар­саңында республика Пре­мьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен Көлік және коммуникациялар министрі Берік Камалиев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы облысында салынып жатқан көлік инфрақұрылымы нысандарының дайындығын тексерді. Негізгі нысандарды іске қосу мен тұсаукесер рәсімі биылғы жылғы желтоқсанның 9-ында Индустриялық форум аясында өткізілетін болады. «Бұл жол Қазақстанның көлік жүйесін дамытудағы респуб­лика­ның транзиттік әлеуетін пай­далануда үлкен мүмкіндік­терге жол ашады. Құрылыс барысында бес мың жұмыс орны ашылды. Ол іске қосылғанда 2055 адам тұрақты жұмыспен қамтылады», - деп жазады басылым. Мақала «Инфрақұрылымдар дайындығы жоғары» деген тақырыппен берілген.

«Кеше Астанадағы Кон­гресс-Холл сарайында Тә­уел­сіздіктің 20 жылдығына ар­налған республикалық ақын­дар айтысы басталды. Мә­дениет министрлігінің қол­дауымен, «Самұрық-Қа­зына ұлттық әл-ауқат қо­рының» демеушілігімен өт­кізіліп отыр­­ған бұл ша­ра­ның мақ­саты - мәдение­ті­міздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде айтысты ха­лыққа жан-жақты насихаттап, оның дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көр­сету, болашақ ұрпаққа ай­тыс өне­рінің қадір-қасие­тін ұғын­дыру, поэзия арқылы мемлекеттік тілдің арнасын ке­ңей­тіп, дамыту мен насихаттау», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, үш күнге созылатын айтысқа еліміздің бар­лық аймақтарындағы дүл­дүл ай­тыскерлермен бірге, үлкен сах­­­наға енді ғана шы­ғып жүрген дарынды ақын­дар, со­нымен қатар Қытай, Моңғо­лия, Қыр­ғызстан ел­де­рінің таңдау­лы айтыскер­лері қа­ты­сып, өз өнер­лерін ортаға салуда.

***

«Айқын» газетінің сенбілік санында алда өтетін Мәжіліс сайлауына арналған көлемді мақала «Үміткерлерді ұсыну 5 желтоқсанда аяқталады» деген тақырыппен жарияланды. басылымның атап өтуінше, ОСК төрағасы Қ.Тұрғанқұлов мәлім еткен деректерге сәйкес, 15 қаңтарға тағайындалған мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына 489 үміткер ұсынылған. Азаматтардың 63-і облыстық мәслихаттың депутаттығына, 371-і аудандық мәслихаттың депутаттығына, ал 55-і қалалық мәслихат депутаттығына үмітті. Мәслихаттарға үміткерлерді ұсыну Қостанай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақмола облыстарында белсенді жүргізілуде. Ал Мәжіліс депутаттарының сайлауына әзірше «Нұр Отан» партиясы ғана өз үміткерлерін ұсынған.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен арадағы сұхбат «Сайлаудың ашық та жария өтуі - мемлекетіміз үшін үлкен сын» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Сайлау мәселесіне қатысты шетелдік қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдардан ұсыныстар жасалды. Бірақ та заңдарға енгізілген барлық түзетулер Қазақстанның ұлттық және қоғамдық ерекшеліктеріне орай жүзеге асырылады. Оның үстіне барлық ұсынысты заңдарға енгізу бір күннің, бір айдың жұмысы емес. Сондықтан да мұндай мәселелер маңызды отырыстарда, дөңгелек үстелдерде қаралып, талқыланып жатыр», - депті.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше ҚР Президенті Әкімші­лі­гі Басшысының орынбасары Т.Донақовтың төрағалығымен Қа­зақстан Республикасы Президенті­нің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің кезекті оты­рысы болып өтті. Отырыста еліміздегі консти­ту­циялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын және жол­дауларын іске асыру мәселесі қа­растырылды. Аталған мәселе бой­ынша Конституциялық Кеңестің ақпараты тыңдалды. Сонымен бірге, 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге ар­нал­ған құқықтық саясат тұжырым­да­ма­сын 2011 жылда іске асыру жө­ніндегі жоспардың орындалуы бойынша жұмыс қорытындылары туралы Әділет министрлігінің есебі тыңдалды.