Сайлауға алғаш рет қатысып, өз таңдауымды жасадым – 18 жастағы студент

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Құрылтай сайлауына орай барлық сайлау учаскелерінде тұрғындар өз таңдауларын жасап жатыр.

Фото: Аружан Беркімбай

Орал қаласында Х.Доспанова атындағы №30 мектепте орналасқан №435 учаскелік комиссия төрайымы Дарья Қабдуллиеваның мәлім еткеніндей, мұнда барлығы 2 394 сайлаушы тіркелген.

Оның сөзіне қарағанда, 18 жастағы Рамиль Демешев, сондай-ақ жасы жетпістен асқан Күләш Тоғызбаева алғашқылардың қатарында дауыс берді.

- Мен 18 жастамын. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығына білім алып жатырмын. Екінші курс студентімін. Бүгін алғаш рет дауыс беріп, өз таңдауымды жасадым, - деді Kazinform тілшісіне Аружан Беркімбай.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Орал қаласындағы 5517-әскери бөлімінің сарбаздары таңғы сағат 06.00-де ашылған №479 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасауда. Мұнда барлығы 400-ге жуық сайлаушы бар.

Бұл ретте Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің басты міндеттерінің бірі – қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Дауыс беріп болғаннан кейін сарбаздар Орал қаласындағы қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік қызметке кіріседі.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша өңірде барлығы 502 сайлау комиссиясы болса, оның құрамына 14 аумақтық және 488 учаскелік сайлау комиссиясы кіреді. Барлық деңгейдегі комиссияларда жалпы саны 3 244 мүше қызмет атқарады.

БҚО-да сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында өңір бойынша 488 учаскелік сайлау комиссиясынан тұратын желі құрылды. Олардың үштен біріне жуығы, яғни 136 сайлау учаскесі облыс орталығы Орал қаласында орналасқан, бұл қала тұрғындарын барынша қамтуды және қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Батыс Қазақстан облысында 450 544 тұрғын дауыс беру құқығына ие болса, соның жартысынан көбі — 239 327 сайлаушы Оралда тұрады. Қалған 211 217 сайлаушы облыстың 12 ауданында.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын елімізде Құрылтай депутаттарын сайлау басталғанын жазған едік.