Сайлауға байланысты кез келген өтініш немесе шағым құзырлы органға түскен сәттен бастап, жедел түрде қаралады - ІІМ

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауымен байланысты кез келген өтініш немесе шағым құзырлы органға түскен сәттен бастап, жедел түрде қаралады.

Бұл туралы бүгін сайлаудың барысына байланысты журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Марат Жексенбеков мәлім етті.

 Оның сөзінше, сайлау учаскелеріндегі қандай да бір оқиғалар мен заңбұзушылықтарды дер кезінде тыю мақсатында әрбір ауданда немесе қалада 2-3 жедел тергеу топтары құрылған. Аталмыш топтың құрамына прокуратура органының өкілдері де кіріп отыр. «Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының арнайы мекемелерінде дауыс беруге құқы бар 1 мың 800 адам отыр. Олардың конституциялық құқықтарын сайлау комиссияларымен келісілген түрде қамтамасыз ету мақсатында арнайы мекемелерде сайлау учаскелері ашылды»,-деді басқарма бастығы.

Ішкі істер органдары сайлау күні және одан кейін де  қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде барлық шараларды қолға алады.