«Сайланған әкімдердің нәтижесінде 23 ұлттың өкілі бар. Әкімдер лауазымына 280 (11,4 пайыз) әйелдер сайланды. Бұл бұрынғыға қарағанда 32-ге көп. Әкімдердің орташа жасы 47 жасты құрайды. Сайланған әкімдердің арасында 627-сі немесе 25,6 пайызы педагог мамандар, 501 немесе 20,4 пайызы ауыл шаруашылығы саласының мамандары 417 немесе 17 пайызы инженерлер, 357 немесе 14, 5 пайызы экономистер, ал 281-і, яғни 11,1 пайызы заңгерлер, 271-і немесе 11 пайызы басқа да мамандар», - деді ОСК төрағасы.
Оның айтуынша, іс басындағы әкімдерден кандидат ретінде сайлауға 1811 адам қатысты. Олардың ішінде 1747-сі өзінің лауазымын сақтап қалды. «Осылайша сайланған әкімдердің құрамы 28,8 пайызға жаңарды», дейді Қ. Тұрғанқұлов.
Еске салсақ, ҚР Перзидентінің жарлығына сәйкес, ағымдағы жылдың 5-9 тамыз аралығында еліміздің 14 облысында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтердің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың 2457 әкімінің сайлауы өтіп, барлығы 2454 әкім сайланды. Үш ауылдық округте жеңімпаздар анықталған жоқ. Себебі таңдаушылардың дауыстары тең бөлінді. Аталған әкімшілік аумақтық құрылымда тамыздың 28-інде қайта сайлау өткізіледі.
Оның айтуынша, сайлау науқаны барысында барлығы 7173 әкімдікке кандидат ұсынылып, 6738-і тіркелді. Дауыс беру бюллетеньдеріне 6403 кандидаттың тегі енгізілді. Орташа алғанда бір әкім лауазымына екіден аса үміткер қатысқан. «Сайлауға жалпы республика бойынша таңдаушылардың (мәслихат депутаттарының) 98,3 пайызы қатысты», дейді ОСК төрағасы.