Сайлауға қатысу - болашағымызға деген қамқорлығымыздың белгісі - 80 жастағы сайлаушы

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін Астанадағы №3-інші сайлау учаскесінде елорданың 80 жастағы тұрғыны Әхлима Бейсенова Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауында өзінің дауысын берді.

«Сайлауға келіп, дауыс беру - болашағымызға деген қамқорлығымыздың белгісі, халық саналылығының үлгісі. Сондықтан, сайлау сынды науқанға қатысу әрбір қазақстандық үшін абыройлы іс болуы шарт», - дейді ол.  

Денсаулығы еркін жүріп-тұруына мүмкіндік бермесе де, кейуана бүгінгі сайлауға келуге үлкен қажырлық танытты.

«Өзімнің денсаулығым сыр беріп, жүруге қиналсам да, сайлауда дауыс беру үшін өзім сұранып келдім. Елде қанша сайлау болды, солардың барлығына қатысып келемін», - дейді Ә. Бейсенова.

Ақмолада туып-өскен қарт әже, қосағынан 40 жасында айырылған.

«Бес баланы өсіріп, оларға жоғары білім бердім, аяққа тұрғыздым. Олардың барлығы осы Астанада тұрады. Сегіз немерем бар. Жоқшылық уақытты да көрдік, қазір заман жақсы. Зейнетақымызды уақытында аламыз. Балаларымның барлығы баспаналы болып отыр. Өз басымда 3 бөлмелі үйім бар. Елдегі тұрақтылық  - біздің мемлекетіміздің ең басты құндылығы. Халқымыздың арасы ашылып, шырқы бұзылмаса екен деп тілеймін», - деді ол.