Сайлауға түсетін кандидаттардың мемлекет есебінен өтелетін шығындарының мөлшері қанша

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясы сайлауға түсетін кандидаттардың мемлекет есебінен өтелетін шығындарының мөлшерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңы 28-бабының 3-тармағы бойынша, мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен көпшілік алдында сөз сөйлеу үшін теңдей қаражат бөлуге кепілдік береді. Қаражатты бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. «Сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңы 33-бабының 2-тармағы 2,3,4-тармақшалары бойынша, республикалық бюджет қаржысының есебінен кандидаттың бұқаралық ақпарат құралдарына «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 3-тармағы бойынша шығу шығындары, кандидаттардың сайлау алдындағы бұқаралық шаралар өткізу шығындары, кандидаттардың үгіт-насихат материалдарын «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 4 және 5-тармағына сай етіп шығару шығындары, канидаттардың көлік шығындары ОСК бекіткен мөлшерде өтеледі», - деп түсіндірді ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина.

Оның мәліметі бойынша, партиялық тізіммен сайлауға түсіп жатқан кандидаттарға республкиалық бюджеттен қаражат бөлу қарастырылмаған.

«Сайлау заңнамасының осы нормаларын іске асыру үшін ОСК кандидаттарға БАҚ-та сөз сөйлеу үшін қаражат бөлу ережесі мен көлемін бекіту туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес, кандидатқа өз бағдарламаларымен БАҚ-та сөз сөйлеу үшін 15 минут, радиода – 15 минут, баспа басылымдарында немесе желілік басылымдарда баспа парағының 0,1%-ынан аспайтын екі мақала жариялау үшін қаражат бөлу көзделеді. Осылайша, республикалық бюджет қаражатынан жабылатын кандидаттар шығыстарының мөлшерін белгілеу туралы ОСК қаулысының төрт жобасы енгізіледі», - деді ол.

ОСК мүшесінің айтуынша, Мәжіліс депутаттығына партиялық тізімнен тыс кандидатқа 950 мың теңге көлемінде шығыс мөлшері белгіленбек.

«Оның 450 мың теңгесі теле және радио бағдарламаларда сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді баспа немесе желілік басылымдарда екі мақала жариялауға жұмасалады. Ал, сайлау алдындағы бұқаралық іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға 300 мың теңге, көлік шығындарына 200 мың теңге қарастырылады», - деді Сәбила Мұстафина.

ОСК қаулысының екінші жобасы бойынша, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттығына партиялық тізімнен тыс үміткерлерге шығыс көлемі 550 мың теңге көлемінде белгіленбек.

«Оның 350 мың теңгесы теле және радио бағдарламаларда сөйлеуге, мерзімді баспа немесе желілік басылымдарда екі мақала жариялауға жұмсалуы керек. Ал, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға 130 мың теңге, көлік шығындарына 70 мың теңге қарастырылған», - деді ОСК мүшесі.

ОСК қаулысының үшінші жобасы қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттардың мемлекет есебінен төленетін шығынын белгілейді.

«Бұл бағыттағы шығыстар мөлшері 350 мың теңге көлемінде белгіленеді. Оның ішінде теле және радио бағдарламаларда сөйлеуге – 200 мың теңге, сайлау алдындағы бұқаралық іс-шараларды өткізіп, үгіт материалдарын шығаруға – 100 мың теңге, көлік шығындарына – 50 мың теңге», - деді Сәбиа Мұстафина.

Қаулының төртінші жобасы бойынша аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттардың мемлекет есебінен өтелетін шығын көлемі 350 мың теңге болмақ.

«Оның ішінде теле және радио бағдарламаларда сөйлеуге – 200 мың теңге, сайлау алдындағы бұқаралық іс-шаралар өткізіп, үгіт материалдарын шығаруға – 100 мың теңге, көлік шығындарына – 50 мың теңге», - деді ол.

Еске салсақ, кеше Мәжіліс пен мәслихат сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталды.

Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде қандай тәртіппен орналасатынын жеребе арқылы анықтаған болатын.


Соңғы жаңалықтар