Сайлаушылардың белсенділігі жағынан Алматы облысы көш бастап тұр - ОСК

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін, сағат 14.00-дегі мәліметтер бойынша, Мәжіліс пен мәслихат депутаттары үшін ең көп дауыс берген аймақ Алматы облысы болып отыр. Облыста тұрғындардың 74,1 пайызы өз таңдауларын жасап үлгерді.

Бұл туралы журналистерге арнап өткізілген брифингте Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев мәлім етті.

М.Сәрсембаев ұсынған деректерге сәйкес, сайлаушылардың белсенділігі жағынан Алматы облысынан кейін, тұрғындарының 72,9 пайызы дауыс берген Қостанай облысы және  71,8 пайыз көрсеткішпен Қызылорда облысы тұр. Сағат 14.00-дегі жағдай бойынша, сонымен қатар, елорда тұрғындарының 21,3 пайызы, Алматы тұрғындарының - 14,1, Ақмола облысы тұрғындарының - 69,2, Ақтөбе облысы сайлаушыларының - 47,1, Атырау тұрғындарының - 67,5, Шығыс Қазақстан облысы сайлаушыларының - 65,6, Жамбыл облысының - 58,1, Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының - 55,8, Қарағанды облысы тұрғындарының - 51,2, маңғыстаулықтардың - 54,7, Павлодар облысы азаматтарының - 60,6, Солтүстік Қазақстан облысы азаматтарының - 59,7 және Оңтүстік Қазақстан сайлаушыларының 56,8 пайызы өздері қалаған азаматтар мен партияға дауыс берді.

Осылайша, сағат 14.00-ге дейін республика бойынша барлығы 5 миллион 162 мың 922 адам дауыс берді. «Бұл ел халқының 55,5 пайызы»,-деді ОСК мүшесі.