Мәжіліс депутаттары соңғы аптада Қостанай облысындағы 8 ауданды аралап, сайлаушылармен кездесті. Кезекті басқосу бүгін Қостанай ауданындағы құрылыс материалдарын шығаратын «Стройпром» комбинатында өтті. Кездесуге «Нұр Отан» партиясының депутаттары Ирина Аронова, Иван Клименко және Әлия Сапаровалар келді.
Садовый ауылындағы 135 адам жұмыс істейтін кәсіпорын бір ауысымда 40 мың кірпіш шығаруға қауқарлы. Бүгінде өңірде салынып жатқан тұрғын үйлердегі жергілікті үлес 90 пайыздан артқан. Аталмыш кәсіпорын негізінен жоғары сапалы құрылыс материалдарын өндірумен айналысады. Олар заманауи жабдықтарда өндіріліп, үнемі халықаралық сапа стандарттарына сәйкес сертификатталып отырады. Өнімдер қазақстандық нарықты қамтып, Ресей Федерациясына да экспортталады.
«Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасына» қатысты бірқатар заң жобасын қарастырған болатынбыз. Алдағы уақытта да осы бастамалар аясында біраз жұмыс қолға алынады. Жергілікті тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қостанайлықтардың көрсеткіштері жаман емес. Мысалы, тамыз айында «7-20-25» бағдарламасына қатысуға 25 қостанайлық өтініш білдірген. Жалпы, біздің сайлаушыларымыздың айтқан ұсыныстары, сол кісілерден жинаған ақпараттың бәрі ескеріледі. Қостанайға келген себебіміз де осы», - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова.
Мәжілісмендер Қостанай ауданындағы еңбек ұжымымен кездесті. Басты мақсат - Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасының» негізгі мәселелерін түсіндіру. Халық қалаулылары еңбеккерлердің ұсыныс-пікірлерін ары қарай талдайтынын жеткізді.