14:02, 06 Мамыр 2009
Сайрам ауданы пошта бөлімшелерінің бастықтары зейнеткерлердің ақшасын жымқырып жүрген ? апталық брифинг
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Әлеуметтік қамсыздандыру саласында биылғы жылдың басынан бері мемлекет қаржысын жымқыру әрекеттері бойынша 18 қылмыстық іс қозғалып,
мемлекетке келген шығынның көлемі 8 миллион 800 мың теңгені құрады. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның деректеріне қарағанда, осы салада жасалған 18 қылмыстың
8-і «Қазпошта» акционерлік қоғамымен байланысты болып отыр. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында аталмыш мекеменің Бесқарағай ауылдық бөлімшесінің бас есепшісі Н.Редкозубова жақында 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол 2007-2008 жылдар аралығында көптеген растайтын құжаттарсыз 2 миллион 400 мың теңгені қолды қылған. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында Сайрам ауданының пошта бөлімшесінің бастығы Н.Иманбаев зейнетақыға бөлінген 1 миллион 600 мың теңгені ұрлап, 6 жыл абақтыда отыратын болды. «Сайрам ауданының тағы бір пошта бөлімшесінің бастығы 2 миллион 600 мың теңге көлемінде мемлекетке шығын келтірді деген айыппен қамауға алынды», - деді ресми өкіл.