Ұлттық табиғи парктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жабайы жануарды осылай өз мекенінде көру — ерекше әсер қалдырады. Дегенмен мұндай сәтте қауіпсіздік ережелерін ұмытпаған жөн.
— Жануарға жақындамау, соңынан ермеу, тамақ бермеу және назарын әдейі аудармау қажет. Ұлттық парк — жабайы жануарлардың мекені. Сондықтан табиғат аясында жүргенде белгіленген бағыттарды ұстанып, қауіпсіз арақашықтықты сақтау маңызды, — деп ескертті парк қызметкерлері.
Ведомство дерегіне сәйкес, Сайрам-Өгемдегі Тянь-Шань қоңыр аюы — ұлттық парктің сирек кездесетін әрі аса маңызды жабайы жануарларының бірі. Аю көбіне таулы орманды алқаптарда, аршалы және бұталы жерлерде мекендейді. Ол табиғи экожүйенің тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ аю өсімдіктердің тұқымдарын таратуға және жануарлар дүниесіндегі табиғи байланысты сақтауға ықпал етеді.
Бұған дейін «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде суатқа қасқыр мен құландар келген cәт фототұзаққа түсіп қалғанын жазғанбыз.