Әлеуметтік желілерде Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауында атыс болғаны жайында ақпарат тарап жатыр. Онда шетелдіктер арасындағы келіспеушілік соңы атысқа ұласқаны айтылған. Ал видеодан сирена қосып алған полиция автобустары мен көліктерінің үлкен жылдамдықпен ауыл ішінде жүргенін көруге болады. Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі көпшілікті тек ресми дереккөздерге сенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырды.
«Түркістан облысының Сайрам ауданында құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жергілікті іс-шаралар жүріп жатыр. Іс-шара барысында 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, олар бойынша тиісті шаралар қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», - делінген ведомства таратқан ақпаратта.
Ал Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов желідегі парақшасында облыс орталығынан бөлек аудандар аумағында да тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында рейдтік шараларды күшейтіліп жатқанын жазды.
«Бұл жолы Сайрам ауданы аумағында полицияға қарасты барлық сала бойынша жұмыстарды атқардық. Қоғамдық қауіпсіздікке басымдық берілген іс-шараның алғашқы тәулігінде Полиция басқармасына 52 жергілікті тұрғынды жеткіздік. Профилактикалық есепте тұратын 64 адамды мекенжайы бойынша тексердік. Ұсақ бұзақылық бабымен 22 дерек, қоғамдық орында мас халде жүру бойынша 8 дерек, белгіленбеген орында сауда жасаумен 3 дерек анықталып, құқық бұзушыларға әкімшілік шара көрілді. Жылдамдықты асырып, өзге де көлік жүргізушілеріне қауіп тудырған автокөліктер анықталып, айыптұраққа қойылды», - деп жазды Мұрат Қабденов.
Айта кетейік, бұдан бұрын Атырауда 6 айда заңсыз айналымнан 8 келіден астам есірткі тәркіленгенін жазған болатынбыз.