Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) мәліметінше, Батыс Тянь-Шань тауларының бірегей табиғатына негізделген бағытты саяхаттаушы шамамен алты-сегіз сағатта жүріп өтеді. Демек, маршрутты толық айналып шығудың жалпы ұзындығы – шамамен 16 шақырым.
Бүгінгі таңда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА), атап айтқанда ұлттық парктер экологиялық туризмді дамытуда шешуші рөл атқарып отыр.
Қазақстанда ормандардың, таулардың, шөлдер мен көлдердің биологиялық алуантүрлілігіне бай 14 ұлттық парк бар. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегі бойынша 2022 жылы еліміздің ұлттық парктеріне 2 миллионға жуық турист келген, бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары.
БҰҰДБ қолдауымен Сайрам-Өгем ұлттық паркінде экотуризмді дамытуға бағытталған жоспарлы жұмыс жүргізіліп отыр. Табиғи аумақтардағы туристік маршруттар мен соқпақтарды жайластыру әуесқой саяхаттаушылардың қауіпсіздігін арттырып, сонымен қатар рекреациялық жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік береді.
Былтыр Сайрам-Өгемге 68 350 адам, ал 2023 жылдың басынан бері 64 500 адам барған.
«Көптеген жыл бойы БҰҰДБ Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге деген бейілділігін тайынбай қолдап келеді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың әлеуетін арттыру, экологиялық туризмді дамыту, жергілікті қоғамдастықтарды қолдау осы жолдағы негізгі міндеттердің бірі бола отырып, өңірлердің экономикалық және әлеуметтік амандығының негізін құрайды және биоалуантүрлілік пен экологиялық жүйелерді сақтауға оң әсер етеді. Бүгінде БҰҰДБ ұлттық әріптестерімен бірге Қазақстанның ЕҚТА-ларында экологиялық туризмді дамытуға бағытталған бірқатар бастаманы жүргізіп, жергілікті халықты белсенді қолдайды және биоалуантүрлілікті жоғалтумен байланысты тәуекелдерді азайтуға бағытталған кешенді шараларды қабылдап келеді», - деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаевтың сөзінше, экотуризмді тұрақты дамыту мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамалық негізді жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Экотуризм бойынша 1993-2017 ұлттық стандарты жаңартылды. Қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану үшін төлемақы жинаудың ашықтығын қамтамасыз ету мен ұлттық парктерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында бақылау-өткізу пункттерін автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бақылау-өткізу пунктілерін автоматтандыру жөніндегі пилоттық жобалар «Көлсай көлдері» мен Іле-Алатау ұлттық парктерінде іске асырылып жатыр. Шарын мен Алтынемел ұлттық парктерінде Шарын шатқалы мен Айғайқұмдағы танымал маршруттар жайластырылды. Ұлттық парктердің көпшілігі келушілерге кіру билеттерін онлайн сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін банктердің төлем қызметтеріне қосылған», - деді ол.
Айта кетейік, БҰҰДБ қолдауымен туристік маршруттар Қатонқарағай ұлттық паркі мен «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде де жаңартылған. Сондай-ақ, тұрақты туризмді дамыту бөлігінде БҰҰДБ тарапынан Сайрам-Өгем ұлттық паркінің табиғи нысандары туралы егжей-тегжейлі ақпаратты қамтитын виртуалды тур іске қосылған. Виртуалды турлар барлығы еліміздің бес ЕҚТА-сында – Батыс Алтай қорығы мен Қатонқарағай, Сайрам-Өгем, Тарбағатай және «Көлсай көлдері» ұлттық парктерінде енгізілген.
Соңғы 14 жыл ішінде БҰҰДБ қолдауымен сегіз жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылып, қолданыстағы үш ерекше қорғалатын табиғи аумақтың аумағы кеңейтілді. «Ақжайық», «Алтын Дала», «Іле-Балқаш» табиғи резерваттары мен «Бұйратау», «Жоңғар Алатау» және «Тарбағатай» ұлттық парктері пайда болды. Қазақстанда алғаш рет 2,9 млн га алқапта «Қапшағай-Балқаш» және «Ырғыз-Торғай-Жыланшық» экологиялық дәліздері құрылды.
Бұдан бөлек БҰҰДБ қызметі шеңберінде жалпы білім беретін мектептерде қосымша экологиялық білім беру бағдарламасын енгізуге ерекше назар аударылып, жергілікті тұрғындармен жұмыс жүргізіледі және бизнестің тұрақты түрлерін дамыту жолында ауыл кәсіпкерлерін қолдау жүзеге асырылады. БҰҰДБ қолдауымен «Эко-Даму» несиелеу бағдарламасы аясында жалпы сомасы 227 млн теңге мөлшерінде 39 бизнес-жоба қаржыландырылды.