Сайран көліне батып кеткен ер адамның денесі табылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сайран көліне батып кеткен ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Суға батып кеткен ер адамның денесі табылды, оның жеке басы анықталуда», – деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінен.

Куәгерлердің айтуынша, 31 мамыр күні шамамен кешкі сағат 17:30-да Сайран көліне 25-30 жас аралығындағы ер адам суға түсіп, қайтып шықпаған.

Алдын алдын ала болжам бойынша, жас жігіт таныстарымен бірге ішімдік ішкен.

Іздестіру жұмыстарына Алматы қаласы құтқару қызметінің 4 сүңгіруі мен «ҚР ТЖМ» ММ-нен 3 сүңгуір мен 2 қайық жұмылдырылды.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті судағы қауіпсіздік мәдениетін сақтауға шақырады.

Суда мына нұсқаулыққа назар аудару қажет:

- Суға арнайы рұқсат етілген жерде ғана шомылыңыздар;

- Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар;

- Егер сіз арнайы рұқсат етілген жерде шомылғанда суда жүзу білмесеңіз, белден жоғары келетін суға түспеңіз;

- Жүзу кезінде бір-бірлеріңізді қадағалап отырыңыздар;

- Қоршау белгілерінен асып, жағадан алысқа жүзіп бармаңыздар;

- Қайықтар мен катерлерге қарай жақын жүзуге болмайды;

- Қайықтар мен көпірлерден суға қарай секірмеңіздер;

- Суда ұзақ уақыт шомылмаңыздар, тоңып және шаршап қалуыңыз мүмкін;

- Түнгі уақытта алкогольді ішімдік ішіп суға шомылмаңыздар.