Сайран көлінің жағалауын абаттандыру жұмыстары мамырда аяқталады

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2025 жылы Алматыда төрт жаңа қоғамдық кеңістіктің құрылысы аяқталады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді.

– 2025 жылдың маусым айында 4 қоғамдық кеңістікті көркейту жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Атап айтар болсам, Ақсай-4 және №12- ші шағын аудандарындағы скверлер, Мамыр - 4 және Жетісу-3 шағын аудандарындағы жаяу жүргіншілер аймақтары. Бұл жобалар аясында жаңа балалар және спорт алаңдары, көше жиһаздары, демалысқа арналған күркелер орнатылып, жарықтандыру жаңартылады және жасыл желектер егіледі, – деді Алматы әкімі.

Негізгі жобаларының бірі – Сайран көлінің жағалауын жаңарту жұмыстары.

– 2024 жылдың соңында негізгі құрылыс жұмыстары бітті, ал биыл мамыр айында жобаның соңғы кезеңі аяқталады. Сайран көлі қала тұрғындары мен қонақтары үшін ең тартымды демалыс орындарының біріне айналады деп сенемін, – деді Ерболат Досаев.

Бұған дейін қала әкімдігі жобаның эскиздерін ұсынған болатын

Еске салсақ, Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша 2022 жылы соңғы 50 жыл ішінде алғаш рет Сайран су қоймасының түбі қоқыс пен лай шөгінділерден механикалық түрде тазартылды.

Аумақтың жалпы ауданы 46,79 гектар.

Сайран көлінің жағалауын абаттандыруға 4 млрд теңге бөлінді.