Сайран көлінің жағалауындағы дәретханалар неліктен жұмыс істемейді

Фото: freepik

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде тұрғындар Сайранда орнатылған қоғамдық дәретхана жұмыс істемейтінін жазды.

Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев түсініктеме берді.

— Жақын арада, 15 ақпанға дейін мердігер ұйым дәретхананы толығымен ретке келтіреді. Одан кейін қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы нысанды қабылдайды және ол әрекет етеді, — деді ол.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері жаңартылған аумақта автотұрақ жетіспейтінін айтып, оларды көбейту туралы сұрақ қойды. Қала әкімнің орынбасары болашақта тұрақ санын керісінше қысқарту жоспарланғанын атап өтті.

— Әлемдегі ірі қалаларда халықтың 70%-ы қоғамдық көлікпен, ал 30%-ы жеке көлікпен жүреді. Ал бізде 60%-ы жеке көлікті, 40%-ы қоғамдық көлікті қолданады. Яғни, бізде теріс жағдай. Біз қазір метро станцияларын салып жатырмыз. Сондай-ақ автобус жиілігін арттырамыз. Мұның бәрін жақсартқан кезде қаладағы автотұрақтардың саны азаяды. Бірақ 1-2 жылдан кейін солай болып кетеді деп айтпаймын, — деді Алмасхан Сматлаев.

Еске салайық, былтыр Сайран көліндегі жұмыстарды мерзімінен кешіктірген мердігер жазаланды.