Сайыстың 3-ші күнінде Қайрат 96 ұпай еншіледі - Юрмаладағы «Жаңа толқын - 2010» ән байқауы

АЛМАТЫ. Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - «Жаңа толқын» ән байқауының 3-ші күнінде «Бэйби» әнімен сахнаға шыққан жерлесіміз Қайрат Түнтеков жалпы есепте төртінші орынға тұрақтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейінгі екі күндік қорытынды бойынша 6-шы орында тұрған Қайраттың соңғы әніне қазылар 96 ұпай берді. Нәтижесінде екі орын алға жылжыған қазақстандық әнші өзінен жоғары тұрған жүлдегерден 4 ұпайға кем түсті.

Ал екі күн бойы алдына жан салмаған украиналық 17 жасар Татьяна Ширко жарыстың соңғы күнінде армениялық Сона Шахгельдянға жол берді. Татьянадан небәрі 1 ұпай озған армениялық қыз өз әнін керемет орындап, барлық қазылардан ең жоғарғы бағаны алды. Оның қоржынындағы ұпай сандарын қосып есептегенде 288-ге жетті.

Сонымен, топ басында С. Шахгельдян - 288, Татьяна Ширко - 287, Уку Уку Сувисте(Эстония) - 285 ұпай, төртінші Қайрат Түнтеков - 281 ұпай. Естеріңізге сала кетейік, біздің Қайрат алдыңғы екі күндікте 2-ші және 3-ші орындарда тұрған израильдық Хила Бэн Давидтті 4-ші орынға ығыстырды.