«Сазды емізік» саудаға түсті

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат -  Флорида университетінің ғалымдары шала туылған сәбилер үшін арнайы медициналық қондырғы ойлап тапты. Бұл туралы «Айқын» газетіне сілтеме жасап, BNews.kz хабарлайды.

Ең бір таңғаларлығы, сүт еметін бұл жұмсақ емізікті сәбилер ерекше құштарлықпен сорады екен. Жалпы, жетілмей туған сәбидің ерні емізікті соруға шамасы келмейді. Ал ғалымдар өмірге әкелген бұл ғажайып туынды сәбидің ерніне жақындап, ол емізікті соруға икемделе бастаған сәтте, баяу ғана ақырын, бесік жыры әуені ойнап, баланың санасына әсер ете бастайды. Сөйтіп, сәбидің тамаққа тәбеті ашылып, ол перзентханада қалып қоймай, мерзімінен бұрын үйіне оралады екен. Ағылшын ғалымдары ойлап тапқан, баланы жұбататын бұл туынды халықаралық нарыққа шығайын деп отыр. Қалай айтқанда да бұл емізік жетілмей туған сәбилер және олардың ата-аналар үшін үлкен жұбанышқа айналмақ.

Бір қызығы, егер сәби емуді тоқтатқан кезде әуен баяу ғана қайтадан шыға бастайды екен. Сөйтіп, «сазды әуен» арқылы қарнын тойғызатын сәбилер көп жатпай, тез жетілетін болды.

Бір алаңдатарлығы, соңғы 30 жылда АҚШ-та жетілмей туылған сәбилердің саны 30 пайызға өскен. Ағылшын ғалымдарының сәбилерге арналған бұл қондырғысын ойлап табуында да осындай өзекті мәселе барын ескермесе болмайды. Қазір арнайы патент алған бұл «сазды емізікке» елде сұраныс артып тұрған секілді.