Сібір жарасының өршуіне байланысты Ақмола облысының бас ветеринары жазаланды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қайғылы оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс нәтижесінде оқиғаға қатысы бар қалған тұлғалар да жазаланатыны туралы хабарлады.
Әкімнің сөзінше, жұқпалы ошақтардың таралуын болдырмау мақсатында сібір жарасының өршуінен кейін науқастармен байланыста болған барлық адам тексерілген. Олардың арасында инфекция анықталған жоқ.
— Барлығы 8 адамнан диагноз расталды, оның 7-сі ауруханадан шығарылды. Тағы бір науқас емделіп жатыр, жағдайы жақсы, бірақ біз оны толық емделгенше бақылауда ұстаймыз. Ошақ анықталып, жойылды, ешқандай салдары жоқ. Бүгін бізге зерттеушілер тобы келеді. Оларды өзіміз шақырдық, қаржыландыруды да өзіміз ұйымдастырдық. Күдік бар жерлердің бәрін тексереміз. Сол аумақта сібір жарасының ескі көмілген орны болған. Су тасқындары жағдайды қиындатты: 40-жылдардан қалған жерлеу орындары бүлініп, кеміргіштер арқылы инфекция тарады. Қазір сол жерлердің бәрін оқшаулап, бетонмен құйып жатырмыз. Барлық шара ғылыми негізделген. Қазіргі уақытта халық үшін ешқандай қауіп жоқ, — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, ол тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген басшылар да жазаланғанын хабарлады.
— Бүгін мен ветеринария басқармасының басшысына қызметтік тәртіпке толық сәйкес келмейтіндігі туралы ескерту жарияладым. Қызметтік тексеріс нәтижесінде оқиғаға қатысты қалған адамдар да жазаланады, — деп түйіндеді Марат Ахметжанов.
Бұған дейін хабарланғандай, Ақмола облысында сібір жарасының теріге шығатын түрі тіркелді.
Сонымен қатар Ақмола облысы Атбасар ауданына қарасты екі елді мекеннен Сібір жарасы анықталып, ауылдар карантинге жабылды.