Сібірден қола дәуіріне жататын бірегей жартас суреті табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Сібірдегі Хакасияда археологтар кемінде 4 мың жыл бұрынғы Окунев мәдениетіне тиесілі бірегей жартас суретін тапты. Бұған дейін мұндай бейне еш жерден кездеспеген. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.

Фото: ТАСС

Біздің дәуірімізге дейінгі III–II мыңжылдықтарда өмір сүрген Окунев мәдениетіне тиесілі, баламасы жоқ жартас суретін Хакасиядан археологтар тапты. Бұл туралы «Сібір археологиялық зерттеулері» автономды коммерциялық емес ұйымының директоры Тимофей Ключников мәлімдеді.

Оның айтуынша, Хакасиядағы Сорск бағандарынан жаңа окуневтік сурет анықталған. Мұндай бейнелер бұған дейін жартастардан кездеспеген, тек жерлеу орындарындағы тас тақталардан ғана табылған.

Сорск бағандарындағы алғашқы петроглифтер 2025 жылы анықталған. Жақында табылған сурет қызыл охрамен салынған және онда адамның стильдендірілген бет-бейнесі бейнеленген. Ғалымның айтуынша, бұл бейне Уйбат өзені маңындағы ерте окунев қорымдарынан табылған суреттерге ұқсайды. Осыған байланысты ол б. з. д. III мыңжылдықтың ортасына жатқызылады.

Окунев мәдениеті шамамен 4 мың жыл бұрын қазіргі Хакасия мен Краснояр өлкесінің оңтүстігін қамтитын Минусин ойпатында өмір сүрген. Бұл мәдениеттің ең танымал ескерткіштерінің бірі — Шалоболин жазбалары. Окуневтердің жартас өнерінде адам бейнелері, сиырлар, бұқалар, бұлан және мифологиялық кейіпкерлер жиі кездеседі.

Айта кетейік, Маңғыстаудан көне халықаралық сауда орталығының іздері табылды.