SCAT ұшыру қызметінің директоры Алматы маңындағы ұшақ апаты ісі бойынша 5 жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Алмалы аудандық соты SCAT авиакомпаниясы ұшыру қызметінің директоры В.Артеменкоға 21 адам қазаға ұшыраған авиация апаты ісі бойынша үкім шығарды.

«Сот сотталушы В.Артеменконың әуе көлігі қозғалысы мен пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзған,  өзінің қызметтік міндеті бойынша бұл ережелерді сақтауға тиіс болса да, авиация апатына жол берілді, соның салдарынан 21 адам абайсызда қазаға ұшырады», - делінген Алматы қалалық сотының баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетейік, 2013 жылғы 29 қаңтарда Алматы облысының Талғар қаласы маңында «Байсерке-агро» ЖШС аумағында «Көкшетау-Алматы» рейсін орындаған  әуе кемесі апатқа ұшырады. Ұшақ жерге соғылып, қирады және оның бортындағы бес экипаж мүшесі мен 16 жолаушы апат кезінде қазаға ұшырады.

Іс материалдарына сәйкес SCAT авиакомпаниясының ұшыру қызметінің директоры В.Артеменко ұшырулардың қауіпсіздігі ережелерін сақтай отырып, ұшыру қызметі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, ұшыру экипаждарының оқыту бағдарламаларын мүлтіксіз орындауға тиіс болатын. Сонымен қатар ұшқыштардың демалып, күш-қайратын қалпына келтіру құқығы да елеулі бұзылған.

Соттан хабарлағандай, В.Артеменко әуе кемесін басқаруға даярлығы нашар экипажға жол берген, бұл авиациялық оқиғаның орын алуына тікелей әсер еткен.

Сот шешімімен ҚР ҚК 295-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасауға айыпты деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қоныс-колонияда өтеуге үкім шығарылды. Сонымен қатар белгілі бір қызметпен айналысуға 2 жылға дейін тыйым салу түрінде қосымша жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.