Сценарийлер конкурсының жеңімпазы кинорежиссер Тимур Бекмамбетовпен бірге өз фильмін түсіреді

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін елордада баспасөз мәслихатында экшн-фильмдердің II Халықаралық «ASTANA» кинофестиваліне арналған сценарийлер конкурсының ақтық сындарынан өткен жеңімпаздардың есімдері белгілі болды.

Кинофестивальдің бас директоры Ирен Ванидовская атап көрсеткендей, бүгін ғана анықталған жеңімпаздардың ішінен тек он адам ғана финалға өтіп, экшн-фильмдердің II Халықаралық «ASTANA» кинофестиваліне шақырылады. Олардың 5-еуі әлем бойынша таңдалса, 5-еуі Қазақстан бойынша іріктелетін болады. Сонымен, конкурстың ақтық сындарынан өткен жас қазақстандық сценаристердің ішінде Абат Нығмет, Рустам Мұхит, Ғалия Байжанова, Есжан Есімханов, Виталий Кистанов, Дмитрий Чернобай, Бақтияр Қадыров, Элман Сулейманов, Айтуар Нығметалин және Александр Қысымбаев бар. «Осы және әлем бойынша таңдалған қатысушылардың ішінен тек 2 адам - бір адам Қазақстаннан және бір адам шетелден таңдалатын болады. Жеңімпаз белгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетовпен бірге өз фильмін түсіреді», - деді И.Ванидовская.

Айта кетейік, былтыр экшн-фильмдердің I Халықаралық «ASTANA» кинофестивалі аясында өткен сценарийлер конкурсында Брайн Миллер есімді жас өрен жеңіске жеткен болатын. Қазіргі кезде оның «Аполлон-18» сценариі бойынша фильм түсірілуде. Аталған туынды 2012 жылдың қаңтарында жарыққа шығады.