ЩУЧЬЕ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бурабай ауданында ағаш өңдеу цехы өртке оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, өрт бүгін таңертең болған. Бұл туралы таңғы сағат 06:45 шамасында 112 телефон нөміріне хабар түсті.
Щучье қаласы Верхняя, 22 мекенжайында орналасқан ағаш өңдеу цехын жалын шарпыған.
Тілсіз жауды ауыздықтауға Щучье қалалық ТЖ бөлімшесінің жеке құрамынан 10 қызметкер және 3 арнайы техника тартылды.
«Өрт сағат 08:00 ауыздықталып, 08:51 сөндірілді. Мерт болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр» деді ведомстводан.
Аслан Оспанов
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.