Көріпкелдік қасиетімен танылып, атағы жайылған сегізаяқ Паульді өз көзімен көргісі келетін футбол жанкүйерлері мен қарапайым азаматтар саны азаяр емес. Осыған байланысты, жақын арада океанариум басшылары Испания тарапынан жасалған 2,5 жастағы сегізаяқтың күзетілуін ең жоғарғы дәрежеде қамтамасыз ету немесе оны Пиренеиге уақытша немесе түпкілікті алып кету жөніндегі ұсынысты қарамаған болатын.
Енді міне, неміс баспасөздері Паульге күзетші тағайындалғанын жарыса жазып жатыр. Оққағардың аты-жөні Олаф Кипен. Ол 39 жаста, оның бойы 165 см, дегенмен ол жалпақ денелі. Күзетшінің міндеті - келушілердің толассыз легіне бақылау жасау.
«Мен, келушілер суретке түсіргенде аппараттың жарық шашқышын қоспауын, Пауль жүзіп жүретін аквариум қабырғасын соқпауын қадағалаймын», - дейді ол.
Испанияның Карбальино қаласының «құрметті азаматы» атанған көріпкелге «Сегізаяқ Пауль, Біз сені жақсы көреміз» атты ән жазды, оның авторы Калифорния тұрғыны сазгер Перри Гибб. Агенттіктің хабарлауына қарағанда. әнді жарты миллионнан астам адам тыңдап үлгерген.
Көріпкелді көп ақшаға сат деушілер де табылып жатқан көрінеді. Алайда, атақтың да, ақшаның да кеніне айналған мақұлықты әкімшілік сатудан бас тартты.