Сегізінші сайланған ҚР Парламентінің төртінші сессиясы жабылды

АСТАНА. KAZINFORM — Сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сессиясы жабылды. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті.

Фото: Мәжіліс

Айта кетейік, бүгін бірлескен отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Парламент жұмысын қорытындылады.

Ата заңның 94-бабына сәйкес, Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады.

Нақтырақ айтқанда, жаңа Конституцияның 95-бабында 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтататыны жазылған.

Ал Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялайды және ол екі ай ішінде өткізіледі. Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындауға тиіс

Бұдан бұрын хабарланғандай, 26 маусым күні Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов VIII сайланған ҚР Парламентінің төртінші сессиясындағы палатаның жұмысын қорытындылады

Сонымен қатар 29 маусымда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палатаның соңғы жалпы отырысын өткізді

Еске салсақ, биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа Парламент — Құрылтай өз жұмысына кіріседі