Селекторлық кеңесте біз әрбір аймақты сала бойынша жеке-жеке қарайтын боламыз - К.Мәсімов

АНА. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Тамыздың 19-ына жоспарланған Үкімет отырысындағы мәселелер тамыздың 17-сіндегі селекторлық кеңесте қаралатын болады.

Бүгін Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, тамыздың 17-сінде өтетін Үкіметтің селекторлық кеңесінде «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы мен «Жол картасын» жүзеге асыру  мәселелері қаралатын болады. «Тамыздың 19-ында бізде 6 айдың қорытындысына арналған Үкімет отырысы жоспарланған болатын. Біз оны тамыздың 17-сінде өтетін селекторлық кеңеспен біріктіріп, үш мәселеге арналған кеңесті телеконференция үлгісінде өткізуді ұйғарып отырмыз. Жалпы, бүгінде еліміздегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жаман емес, дегенмен бір жерде жоғары болса, екінші жерде төмен екендігін мойындау қажет.  Сондықтан осы кеңесте біз әрбір аймақты сала бойынша жеке-жеке қарайтын боламыз», - деді  К.Мәсімов.