Селезнев атындағы хореографиялық училищеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласының әкімдігі А. Селезнев атындағы хореографиялық училищеге жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл туралы Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесу барысында Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысымен кездесуге арнайы келген Алматы тұрғыны хореографиялық училищеге қатысты мәселені көтерді.

«Біріншіден, осыдан бес жыл бұрын Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде жатақхана құрылысы басталған болатын. Осы уақытқа дейін құрылыс аяқталмай тұр. Екіншіден, жатақханада орын тапшы»,- деді тұрғын.

Ерболат Досаевтың айтуынша, Селезнев атындағы училище – республикалық мектеп. «Мәдениет министрлігімен бірлесе отырып, мынадай шешім қабылдадық. Мәдениет министрлігі құрылысы аяқталмаған жатақхананы бұзуды қамтамасыз етеді, өйткені оны пайдалануға беруге болмайды. Бұзу жұмыстары 2023 жылы жүргізіледі. Ал, училище ғимаратын қала өз балансына алып, жөндейміз. Сондықтан бұл мәселені жартылай шеше аламыз деп ойлаймын. Жатақханаға келсек, оны министрлік өзі шешуі керек»,-деді қала әкімі

Айта кетпейік, жетекші оқу орнының ашылғанына 90 жылға жуықтады. Училище түлектері әлемнің әр елінде өнер көрсетіп, балет өнерін дамытып келеді. Бұл ұжым түлектері Қазақстан балетінің негізін қалаған.