Семей әкімдігі көшеде кесіліп жатқан ағаштарға қатысты пікір білдірді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде қураған ағаштарды кесу жұмыстары қаншалықты заңды? Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен тұрғындардың наразылығын туғызған мәселеге Семей қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ағаштардың шіріген, қураған бұтақтары кесіліп жатыр. Бірақ әлеуметтік желіде қолына ара ұстаған жігіттердің тіпті жайқалып тұрған желектерді де кесіп жатқан бейнежазбасы таралып кетті. Тұрғындардың наразылығын туғызған мәселеге қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы бақылау тобының мүшелері араласты. Арнайы жиын өтіп, мәселеге қатысты қалалық ТҮКШ бөлімінің жетекшісі Амантай Өтелбаев жауап берді. Айтуынша, мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатыр. Жыл сайын қаладағы жасыл желекті баптауға қаржы бөлінеді. Биыл бұл мақсатқа 13,5 миллион теңге қаралған. Ал ағаш отырғызу үшін 25 миллион теңге жұмсалады. Сондықтан көшелерде ескірген ағаштарды кесу жұмысы дәстүрлі түрде жыл сайын жүреді.

«2016 жылдан бері апаттық жағдайда тұрған ағаштарды, олардың ескірген бұталарын кесу үшін бюджеттен ақша бөлінеді. Яғни, бүгінде қала көшелеріне ағаш отырғызу мәселесі де бір жолға қойылған. Мысалы, биыл Абай, Морозов көшелері мен Невзоровтар отбасы атындағы мұражай маңына жаңадан қайың, шетен, жөке ағаштары  отырғызылды. Сонымен қатар, биыл әуежай маңына ағаш егу үшін қаражат бөлінді. Бүгінде 6 мың түп ағаш егілді. Ал қауіпті деп саналған ағаштар мен оның бұталары тұрғындарға қауіпті. Бұл жерде заңға қайшы әрекет жасалып жатқан жоқ», - деді Амантай Өтелбаев.

Жалпы жыл басынан бері Семейде жасыл екпелерді күтiп ұстау және қорғау қағидаларын бұзған 318 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал заңсыз ағаш кескен 11 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.