Бұл жайлы халық алдында есеп берген қала әкімі Бақытжан Байахметов мәлімдеді.
«Денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы 5 жыл ішінде 8,3 млрд теңге инвестиция салынып, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 300-ге жуық заманауи жабдық сатып алынған. Жедел жәрдем паркі 91 автокөлікке жаңартылды. Сондай-ақ бірегей ядролық медицина орталығы іске қосылды», - деді ол.
Шаһар басшысының айтуынша, радионуклидтік терапия бөлімшесі әлемдік деңгейге сәйкес келеді. Қазіргі таңда онда 217 науқас емделіп, 446 адам диагностикалық зерттеулерден өтті.
«Биыл перинаталдық орталық базасында балаларды оңалту және катамнез орталығы ашылды. Соңғы 3 жылда жетекші шетелдік клиникаларда 74 медицина қызметкері оқытылып, біліктіліктерін арттырды. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ», - деді Бақытжан Байахметов.