Қазақстандық команда бірінші топта сынға түседі. Қарсыластары — «Барселона» (Испания), «Лученец» (Словакия), «Минерва» (Швейцария).
Семейлік клуб алғашқы кездесуінде Словакияның «Лученец» командасын 6:0 есебімен қапы қалдырды. Олардың қатарынан Ринат Төреғазин 7-минутта есеп ашса, Педриньо 18-минутта есепті үстемелей түсті.
Екінші кезеңде қазақстандық команда тағы төрт гол соқты. Алдымен Родригиньо 29-минута басымдықты арттырса, Нұрсұлтан Пиялы 32, Дедезиньо 36, Шыңғыс Есенаманов 37-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Осылайша «Семей» 6:0 есебімен басым түсіп, жарыстың бұл сатысындағы алғашқы жеңісін тойлады.
Енді олар бүгін, 29 қазанда Испанияның «Барселона» клубымен шеберлік байқасса, одан кейін 31 қазанда Швейцарияның «Минерва» командасымен ойнайды.
Сондай-ақ бүгін қазақстандық «Қайрат» (Алматы) жарыстың аталған сатысында Израильдің «Бейтар» клубымен ойнап жатыр. Одан кейін алматылық ұжым 31 қазанда Бельгияның «Андерлехт» командасымен кездеседі.
Еске салсақ, Қазақстан футзалдан 2030 жылғы Еуропа чемпионатын өткізуге үміткер атанды.