Олар бірінші ойында сырт алаңда Францияның «Этуаль» клубымен шеберлік байқасты.
Кездесу басынан қазақстандық команда белсенділігі байқалды. Олардың қатарынан небәрі 38 секундта Бруно Гомес есеп ашса, 2-минутта Кайо Торрес басымдықты арттырды.
Ойынның 9-минутында «Этуаль» сапынан Билал Баккали есеп айырмасын қысқартса, одан кейін қайтадан «Семей» сапынан Бруно Гомес 12-минутта мергендік танытты.
Екінші кезеңде қазақстандық командадан Педриньо 24-минутта гол соқса, франциялық клубтан Билал Баккали 33, 59, Абдессамад Мохаммед 56, Суфьян Эль-Месрар 58-минутта өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
Осылайша «Семей» қарсыласына 4:5 есебімен есе жіберді.
Айта кетсек, жарыстың аталған сатысындағы бірінші кездесуде алматылық «Қайрат» өз алаңында Испанияның «Картахена» командасына 1:2 есебімен есе жіберді.
Қарымта ойындар 6 наурызға белгіленген.
Финал 2026 жылдың мамыр айында Италияның Песаро қаласында өтеді. Онда төрт команда шеберлік байқасады. Алдымен жартылай финал болса, одан кейін финал мен 3-орын үшін ойындар өткізіледі.