Семей мемлекеттік университетіне жаңа ректор тағайындалды

None
None

Бүгін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің төрағасы Мақтағали Әбдімәжитұлы Бектемісов Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың бұйрығымен ректор болып тағайындалған Шәріпбек Әмірбековты салтанатты түрде жаңа ұжымымен таныстырды, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.

Жиналғандарды министрдің бұйрығымен таныстырған М.Ә Бектемісов жауапты қызметке тағайындалып отырған Әмірбеков Шәріпбек Ағабайұлына жемісті еңбек тілеп, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сай алдағы уақытта білім ордасына жоғары білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда жаңа міндеттер жүктеліп отырғандығын баса айтты. Сөз кезегін алған Ш. Әмірбеков еліміздегі білім кеңістігіндегі беделді университеттің басшысы болу жоғары мәртебе болуымен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейтінін айта келіп: «Елбасының жоғары оқу орындарын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Білім және ғылым министрлігінің атқарып жүрген пәрменді жұмыс талаптарына сай жоғарғы деңгейде жұмыс істеуге және де алға қойған талап-мақсаттардың биігіне осы оқу ордасының ұжымымен біріге жұмыла қызмет етеміз деп сенемін», - деді.

Әмірбеков Шәріпбек Ағабайұлы жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұйымдастыру және кадр жұмысы департаменті директоры қызметін атқарған.