Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 16 шілде күні таңертең резерваттың Бородулиха филиалына қарасты Камышенка орманшылығында шыққан болатын. Тілсіз жауды ауыздықтауға мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, арнайы техника мен авиация жұмылдырылған.
Оқиға орнында 30 құтқарушы, орманшылар, автоцистерналар, тракторлар және шағын орман өртін сөндіру кешені жұмыс істеп жатыр. Қауіпсіздік мақсатында мектеп жанындағы лагерьде демалып жатқан 190 бала қауіпсіз жерге көшірілді.
- Қазіргі уақытта орман өртін оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай бақылауда, - деп мәлімдеді «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының өкілдері.
Мамандардың айтуынша, өртті сөндіру жұмыстарына ауа температурасының 34 градусқа дейін көтерілуі және өрт қаупінің V (ең жоғары) класының сақталуы қиындық туғызып отыр. Солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 4 метр, екпіні 8 метрге дейін жетеді.
Еске салсақ, осыған дейін Семей орманындағы өртті ауыздықтауға тікұшақтар мен қосымша күштер жұмылдырылғаны хабарланған.