Өртті сөндіру жұмыстарына Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК, сондай-ақ Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды.
Жалпы өртті сөндіруге 769 адам, 191 бірлік жерүсті техникасы және 8 тікұшақ тартылды.
Өртті сөндіру басталғаннан бері авиация арқылы 319 рет су төгіліп, өрт ошағына 709 тонна су жеткізілді.
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Абай облысына келіп, Абай облысы әкімі Берік Уәлимен бірге жұмылдырылған күштер мен құралдардың жұмысын үйлестірді.
Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен облыс әкімі Берік Уәли өрт аумағын тікұшақпен әуеден бақылап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру және өрт ошағын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, «Семей орманы» резерватында өрт шыққан соң лагерьдегі 200-ге жуық бала эвакуацияланды.
«Семей орманы» резерватында бір күнде үш орман өрті тіркелді.