Семей орманында ағашты заңсыз кесудің 6 фактісі тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — «Семей орманы» аумағында прокурорлар жүргізген рейдтер барысында 30-дан астам заң бұзушылық анықталды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Бородулиха ауданының прокуратурасы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орман қорын қорғау және заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізеді.

— Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде ағаштарды заңсыз кесудің 6 фактісі анықталды. Оның 3 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталса, қалған 3 факті бойынша әкімшілік іс жүргізу қозғалды.

Сонымен қатар, 20 орамда орман дайындау жұмыстары тоқтатылып, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып техниканы пайдаланудың 5 фактісінің жолы кесілді. Оның ішінде ұшқын сөндіргішсіз техниканы пайдалану фактілері де бар, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, 20-дан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың қатарында тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінсіз көлік құралдарын басқару, мемлекеттік тіркеу нөмірлерінсіз техниканы пайдалану, сондай-ақ көлік құралдарын алкогольдік масаң күйде басқару фактілері бар.

Анықталған барлық заң бұзу бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Айта кетелік «Семей орманы» резерватында жаңа техника сатып алуға 3,1 млрд теңге қаржы бөлінген еді.