Министрліктің мәліметінше, өрт 16 шілде күні сағат 09:45-те «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Бородулиха филиалы Қамышен орманшылығының 57-орамында тіркелген.
– Қазіргі уақытта өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің 7 қызметкері, 1 автоцистерна, 1 кіші орман өрт сөндіру патрульдік кешені, 1 трактор, Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 қызметкері мен 8 техникасы, сондай-ақ «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның Bambi Bucket су төгу құрылғысымен жабдықталған әуе кемесі жұмылдырылды, – делінген министрлік ақпаратында.
Өрт ошағына қосымша күш ретінде 2 автоцистерна, 2 трактор, 1 кіші орман өрт сөндіру патрульдік кешені және 11 орман күзеті қызметкері жіберілді. Сонымен қатар AS350 тікұшағы мен 4 әуе өрт сөндіру десантшысы, сондай-ақ Катонқарағайдан Ми-8 тікұшағы жолға шыққан.
– Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстары жалғасуда. Жағдай бақылауда, – деп мәлімдеді Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Айта кетейік, ШҚО-да өрт қаупіне байланысты ормандардың біріне кіруге тыйым салынды.