«Семей орманындағы» өрт: Бесқарағай ауданында төтенше жағдай жарияланды
21:01, 15 Шілде 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат – Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерватынан шыққан өртке байланысты Бесқарағай ауданында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Абай облысы Бесқарағай ауданының аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды өткізу үшін өзімді төтенше жағдайды жою бойынша басшысы етіп тағайындаймын. Осы шешім 2023 жылғы 14 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратовтың шешімінде.
Құжат бүгіннен бастап заңды күшіне енді.
Бұған дейін Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватынан өрт шыққаны туралы хабарлаған едік.
«Семей орманы» МОТР ақпаратына сай, қызыл жалын 350 гектар жерді шарпыды, оның 150 гектары — орман алқабы.