Семей перзентханасының кредиттік борышы өсіп жатыр, ғимараты тозған – депутат

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов жаңадан құрылған Абай облысында медицина саласы ақсап тұрғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жазғы демалыста депутат Абай облысының тұрғындарымен және медициналық қызметкерлерімен кездескен.

«Абай облысы бойынша медициналық қызмет көрсетуге қатысты коэффициенттерді өзгерту қажет. Облыстағы жылыту коэффициенті Шығыс-Қазақстан және Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарына қарағанда төмен. Бұл облыстың климаттық жағдайына қарай, 6 ай қыс болуына байланысты ауруханаларды жылумен толық қамтамасыз етуге кері әсерін тигізеді. Жедел жәрдем қызметінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың базалық тарифін аймақтағы елді мекендердің арақашықтығын, ауру құрылымын, санын ескере отырып, ұлғайту керек. Облыста жедел жәрдем көліктері ескірген, оларды жаңарту мен қызметкерлердің арнайы жұмыс киімін алуына тиісті қаражат бөлінуі қажет», - деді Н. Сабильянов Денсаулық сақтау министріне жолдаған сауалында.

Облыста Семей полигонынан зардап шеккен аудандардың экологиялық коэффициенттері де басқа экологиялық аймақтарға жататын өңірлерден төмен. Мысалы, Абай облысының қалалары мен аудандарындағы экологиялық коэффициенттер Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен Қызылорда облысының Арал ауданындағы, Байқоңыр қаласындағы коэффициенттерден төмен. Бұл облыстағы медицина қызметкерлеріне тиісті үстеме ақы алуға мүмкіндік бермейді.

Полигон салдарынан зардап шеккен азаматтардың көпшілігінде тұрақты жұмыс жоқ. Олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмағандықтан толық көлемде медициналық көмек ала алмай отыр.

Сонымен бірге, азаматтар ауруханаларда электрондық портал арқылы емделуі үшін кезек пен квотаны кемінде 1-2 ай күтеді. Ақпараттық жүйе дұрыс жұмыс істемейді. Семей тұрғындары емханаларда аптасына 1 рет қабылдауға кіре алады. Бұл халықтың уақытылы емделуіне кедергі тудыруда.

«Облыстағы перинатальдық орталықтың кредиттік борышы көбейіп келеді, оның ғимараты ескірген және көп жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Оған қоса, Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығына қосымша ғимарат салып, тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету керек», - деді Нұртай Сабильянов.