***
Кеше Астанада Қазақстан-Венгрия бизнес-форумы болып өтті. Оған Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов және елімізге ресми сапармен келген Венгрия Үкіметінің басшысы Виктор Орбан қатысқан болатын. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Қазақстан-Венгрия: Серіктестік серпіні» деген тақырыппен жарық көрді. «Венгрия Қазақстанның сыртқы саясатындағы Шығыс Еуропа бағытында маңызды орын алады және Шығыс Еуропадағы Қазақстанның ең белсенді әрі перспективалы экономикалық әріптесі саналады. Соған орай екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар жыл өткен сайын жаңа серпін алуда», - деп жазады басылым.
Тәуелсіздік жылдары тізбегінде ұлт денсаулығы Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік-экономикалық стратегиясының маңызды басымдығы болып келеді. Президенттің 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында да отандық медицинаның сапасы адам капиталын нығайтудағы басты талаптардың бірі ретінде қаралады. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газеті аталған тақырыпқа байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты Надежда Петухованы әңгімеге тартқан. Басылым тілшісінің сауалына тұщымды жауап берген ол: «Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласында айқын мемлекеттік кадр саясатының болмауы еңбек ресурстарының сандық әрі сапалық дағдарысына әкеліп соқтырып отырғанын да атап көрсетуге мәжбүрмін. Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің жұмысқа деген мотивациялық ынта-ықыласының болмауы, жалақыларының аздығы, әлеуметтік жағынан жеткілікті деңгейде қорғалмауы салаға жас кадрлардың келуіне де кері ықпалын тигізіп келеді», - дейді. Сұхбат «Халық денсаулығы - ел байлығы» деген тақырыппен берілген.
***
«Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді халқымыз. Иә, жеті атаны білген жақсы, тіпті қажеттілік. Сол аталардың арғы жағында тұрған руға қатысты да сөз бар. «У ішсең, руыңмен іш» дейді қазақ. Бұл бір шоғыр елді бірлікке шақырады. Құптайтын нақыл. Руың мықты болса - рухың да мықты болары даусыз. Алайда осыны айқайлап айтып, өзгелерден бөлек етіп соқырға таяқ ұстатқандай насихаттағаннан ұтарымыз не?», - деп жазады «Айқын» газеті. Бұл ретте басылым соңғы кездері буланатын бөлмеде киюге арналған бас киімдерде, жеңіл көліктердің артқы терезелеріне, сувенирлік заттарға ру аттары жазылып жатқандығын сынға алады. Мақала «Руымыздан бұрын, рухымыз мықты болғай!» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның бүгінгі санында танымал актер Асанәлі Әшімовпен арадағы сұхбат «Өнердің қай саласын алып қарасақ та, бізде еліктеушілік басым» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Біз мәдениетті бәрінен жоғары қоя білуді үйрене алмай келеміз. Көшеде жүру үшін де, адаммен сөйлесу үшін де, дастарқанда отыру үшін де мәдениет керек. Бірақ біздегі мәдениеттің төмендігіне кінә артудың өзі қиын. Өйткені біз феодалдық құрылымнан бірден ыршып-ыршып, асығып келеміз ғой. Сондықтан бізде ентігіс бар. Басқалар жаяу асықпай келе жатса, біз соған ілесу үшін жүгіріп отыруымыз керек. Өзге өркениетті елдер әлдеқашан асықпай баяу жүріп-ақ, бізден озып кеткен», - дейді.
***
Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанынан 21 жыл толады. Өкінішке қарай, сынақтан бас тарттық дегенімізбен, бертінге дейін бұл қауіпті аймақ ашық-шашық жатты. Тек 2008 жылы Үкіметтің бастамасымен полигонның аса ластанған жер телімдерін қоршауға алу бойынша инженерлік құрылымдар салына бастады. Бірақ соған қарамастан, бұл өңірді жергілікті халық мал жайылымы ретінде пайдаланып келеді. Бәз бір мамандар бұл жер телімін әскери жаттығу өткізетін алаңға айналдырып, «мал жайылымына шектеу қойсақ қайтеді» деген де пікір айтуда. Осы жайттар арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Семей полигоны аймағын әскери жаттығу алаңына айналдырған дұрыс па?» деген тақырыппен берілді.
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Венгрияның Премьер-министрі Виктор Орбанды қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Тараптар екі елдің екіжақты ынтымақтастығының ауқымды мәселелерін талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев тарихта қазақтар мен венгрлер әркезде тату қарым-қатынаста болғандығын ерекше атап өтті. «Біз сіздердің екі елдің өзара қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтеру туралы ниеттеріңізді қолдаймыз. Венгрия Қазақстанның бастамасына қолдау көрсетіп келеді, президенттеріңіз Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммитіне қатысты. Бүгін сіз Қазақстан Премьер-Министрімен кездесіп, үкіметаралық кеңеске қатыстыңыз. Онда екі елдің өзара қарым-қатынастары туралы нақты уағдаластыққа қол жеткіздіңіздер деп сенемін. Өз тарапымнан бұл үдерісті қолдайтын боламын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.