Семей полигонын жабу арқылы біз еліміздің және бүкіл әлемнің ядролық қарусыз тарихы үшін қағидатты қадам жасадық - Н. Назарбаев

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Семей полигонын жабу арқылы біз өз еліміздің және бүкіл әлемнің ядролық қарусыз тарихы үшін қағидатты қадам жасадық.

Бүгін елордада өтіп жатқан «Ядролық қарусыз әлем үшін» форумында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Осыдан 20 жыл бұрын әлемдегі тұңғыш ел болып, өз жеріміздегі ядролық полигонды жаптық. 40 жыл бойғы сынақ барысында қазақ даласында 450-ден астам жарылыс өтті, оның 120-сы ашық атмосферада жарылды. Радиация 300 мыңнан астам шаршы шақырым аумақты шарпыды. Бұл бір үлкен Еуропа елінің, мәселен Германияның тұтастай аумағына тең. Ядролық сынақтан 1,5 млн-нан астам адам жапа шекті. Менің Семей полигонын жабу туралы Жарлығым біздің 20 жылдық тәуелсіздігіміздегі қайта оралмас нүкте болып табылады», - деді Елбасы Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Президент Семей полигонын жабу барлық қазақстандықтар үшін тарихи акт, өзінің теңдессіз егемендігін сезіну, қуатты даналық шешім, бүгінгі мен ертеңіне нық сенімі болғанын атап өтті. «Дәл осы арқылы халықтың «Семей-Невада» қозғалысына топтасқан ерік-жігерін түсіндіруге болады. Біз әлемді ең жойқын ядролық қатерден құтқарып қана қойған жоқпыз, біз жаһандық қатерден жоғарыға көтерілдік. Өз еліміздің және бүкіл әлемнің ядролық қарусыз тарихы үшін қағидатты қадам жасадық», - деді Елбасы.