Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан - бейбітшілік елі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Семей қасіреті - бұл қазақ елінің қасіреті. Бірақ, бұл қасіреттің салдарын жою жалғыз қазақ халқының ғана мәселесі емес, әлемдік деңгейде шешуді қажет ететін жаһандық мәселе. БҰҰ секілді әлемдік деңгейдегі беделді ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мун қазақ топырағына табан тигізе отырып, Арал өңіріне және Семей полигонына ат басын тіреді. Сондықтан да қазіргі күні Семей полигоны халықаралық қауымдастықтың да назарында деп айтуға болады. Бұл ретте Семей полигонының зардаптарын жоюға жалғыз Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының күш-жігері жұмылдырылуы қажет», деді Н. Сабильянов.
Сонымен бірге, депутат ядролық сынақтардың апатты зардабы уақыт озған сайын күшейе түскенін, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, барған сайын қатерлі әсер беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұндай зардаптарды жою үшін арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы кешенді шараларды жүзеге асыру қажет етіледі.