Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында әйелдің тікелей эфирін анықтаған. Эфирді шамамен 12 мың адам көрген. Кадрларда әйел адамның былапыт сөздер айтып, алкогольдік ішімдік ішкенін әдейі көрсеткені және айналасындағыларға құрметсіздік танытқаны байқалған.
Полиция оның жеке басын жедел анықтады. Ол Семей қаласының 53 жастағы тұрғыны Мәдина Баяхметова болып шықты.
Сот әйелді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Полиция оның жасы ескерілгенін хабарлады.
Құзырлы орган әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер де заң талаптарынан тыс қалмайтынын ескертті. Былапыт сөз айту, әдепсіз мінез-құлық таныту және қоғамдық тәртіпті бұзу заңда белгіленген жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда TikTok-тағы әрекеті үшін 56 жастағы стример 10 тәулікке қамалғанын хабарлаған едік.