Шығыс Қазақстан облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін жұртшылық қоғамдық орындарда маска киіп жүруі керек. Маска режимінің сақталуын бақылау үшін арнайы құрылған мониторингтік топ рейдтер жүргізуде. Рейд барысында анықталғандай, шаһар тұрғындарының 90-95% санитарлық нормаларды сақтауда.
«Бүгінде қалада мониторингтік топтар жұмыс істеп, азаматтарға маска кию қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мұндағы мақсат - халықтың денсаулығын қорғау және вирустың таралуын болдырмау. Егер адам санитарлық режим ережелерін сақтамаса, оған айыппұл салынады», - деді қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Айшуақ Мағжанұлы.
Айта кетейік, заң бойынша маска режимін бұзғандар 30 АЕК (83 340 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.