Семей тұрғынының көлігін өртеп жіберген 35 жастағы ер адам ұсталды

Фото: None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласы тұрғынының көлігін өртеп жіберген 35 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына 18 жастағы жігіт хабарласқан.

Өз сөзінде ол түнгі уақытта белгісіз біреудің үй ауласында тұрған «Nissan» автокөлігін өртеп жібергенін жеткізді.

Осының салдарынан жәбірленушіге 1 150 000 теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген.

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері 35 жастағы күдіктіні ұстады. Тергеу амалдары барысында анықталғандай, ер адам жәбірленушінің әкесімен бірге үйде ішімдік ішкен. Кенет олардың арасында жанжал шыққанда 18 жастағы жігіт әкесі үшін араша түсіп, қонақты ұрып жіберді. Бұған ашуланған ер адам көшеге шығып, темекі тұқылын «Nissan Presea» автокөлігінің салонына лақтырып, «ВАЗ-2199» көлігінің терезелерін сындырып кеткен», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 202-бабы 1-бөлігіне (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.


Соңғы жаңалықтар