ОРАЛ. KAZINFORM — Атырау мен Орал қалалары арасында қатынап жүрген әуе рейсі 1 қарашадан бастап ұшпай қалды.
Осыған орай Kazinform тілшісі «Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-на арнайы сауал жолдаған еді.
Мекеменің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Qazaq Air әуе компаниясынан Атырау-Орал бағытындағы тұрақты ұшулар 1 қарашадан 28 наурызға дейін тоқтатылады деген хабарлама келген.
- Аталмыш рейс аптасына 4 рет ұшып жүрген. Әуе компаниясы тоқтату себебін айтпады. Сонымен қатар Атырау-Ақтөбе бағытындағы рейс те жабылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі кезде Оралдан Астана, Алматы, Ақтау және Қарағанды қаласына әуе рейстері қатынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал әуежайынан қатынайтын рейстер саны артатынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).