Семей ядролық полигонының зардаптарын ешқашан ұмытпаймыз - М.Қыдырбаев

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бұдан 25 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен жабылған Семей ядролық полигонының зардаптарын ешқашан ұмытпаймыз. Бұл туралы Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстардан зардап шеккендердің бірі, қазіргі кезде Орал қаласында тұратын Мейрамхан Қыдырбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, Кеңес дәуірінде Қазақстанның әр түрлі аумағында атом бомбаларының сынақтан өткені кейінгі жылдары ғана белгілі болды. Соның бірі - Семей ядролық полигоны.

Естіген адамға тек қорқыныш сезімін ұялатып, үрей тудыратын атышулы аталмыш ядролық полигонды ашу үшін еліміздің ең шұрайлы жерлерінің бірі саналатын және аты әлемге әйгілі қазақтың ғұлама біртуар данышпандары - Абай, Шаhкәрім, Мұхтар бабаларымызды өмірге әкелген қасиетті Семей өңірінің Абыралы, Саржал, Шыңғыстау, Дегелең тауларының баурайынан кезінде ойып тұрып 18 млн. га жер бөлінді.

Алғашқы ядролық сынақ осыдан тура 67 жыл бұрын, яғни 1949 жылдың 29 тамызында жасалды және барлығы осы полигонда әр түрлі мақсатта, әр түрлі қуаттағы және әр түрлі ортада (әуеде, жер бетінде және жер астында) 500-дей ядролық жарылыс болып, сынақтар өткізілді.

Айта кеткен жөн, бастапқысында адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген сынақтар ашық аспанда, жер бетінде жасалды. Тек халықаралық келісімге қол қойылған кезден бастап, ядролық сынақтарды жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей полигоны маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңнан астам адам осы сынақтан азап шекті. Әсіресе, халыққа, жан-жануарға және табиғатқа ең ауыры 1949 жылдан 1963 жылға дейін жер бетінде жасалған сынақтардың зардабы қатты болғаны белгілі.

Бұл ретте Кеңес үкіметі мен Қорғаныс күштері тарапынан аймақтағы адам және мал ауруларының есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келгенін атап айту - парызымыз. Семей қаласында Қорғаныс министрлігіне тікелей бағынатын жабық түрдегі радиациялық медицинаның ауруханасында сол радиацияға ұшыраған адамдар арнайы есепке жатқызылды. Сол кездері аймақтағы тұрғындар арасында онкологиялық, жүрек-қан тамыр, жүйке және психикалық аурулар саны күрт өсті. Азап шегіп, өлім құшқан адамдар қаншама. Отбасында дүниеге кемтар болып келген балалар саны көбейді. Бұның өзі қазақ ұлтының келешегіне төнген зор қауіп болатын.

Сол Семей өңірінің тумасы болғандықтан, өткен ХХ ғасырдың 60-70-жылдары Семей қаласындағы №12 мектеп-интернаттың оқушысы ретінде осы сынақтардың тікелей куәгері болуға тура келді. Айына кем дегенде 3-4 рет әрбір сенбі-жексенбі күндері таңғы ұйқыдан біздерді тәрбиешілеріміз ерте оятып, интернат маңындағы стадионға жетелеп апаратын. Төсек жамылғысының бір бөлігін астымызға салып, біздерді, қазақ ауылының балаларын соның үстіне жатқызып, келесі бөлігін үстімізге жабатын. Содан кейін кәдімгі жер сілкінісі кезіндегідей қатты жердің дірілін сезініп, гүрілдеген дауысты еститінбіз. Кішкене балалар түгілі, қасымыздағы ересек балалардың өздері де қорқатын. Есімде қалғаны, біздерге қала маңында жер сілкінісі болды деп айтатын. Ол кездегі осы сұмдық пен барлық шындықты ешбір қазақ білмеген болар деп ойлаймын.

Кеңес дәуірінің де кетеуі кетіп, Горбачевтің қайта құруы мен жариялаған ашықтық қағидалары қазақ даласына да жетті. 1980 жылдардың аяғына қарай халықтың төзімі әбден таусылып, шегіне жеткен еді. Басқа ядролық державалармен салыстырғанда, Қазақстан аумағында қиратқыш әлеуеті жағынан орасан зор ядролық арсенал болды. Қазақстандағы қарудың жиынтық ядролық қуаты бұрынғы Кеңес одағының барлық ықтимал дұшпандарының аса маңызды стратегиялық объектілерінің барлығының тамтығын да қалдырмауға жетіп артылатын. Бұл қаруды қолдану миллиондаған халқы бар мыңнан астам қаланы, ол былай тұрсын, тұтас мемлекеттерді, тіпті құрлықтарды жермен жексен етуге мүмкіндік беретін. Бұл ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан үшінші болып саналатын ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, ядролық клуб елдерінің - АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Ұлыбританияның кепілдігін алды.

Өз кезегінде Қазақстан стратегиялық қару-жарақ пен оны жеткізу құралдары орналастырылған жай ғана орын болған жоқ. Біздің елде жайласқан сұмдық әскери-техникалық әлеует қуаты жағынан тұтас бір индустрия, өзіндік бір «мемлекет ішіндегі мемлекет» еді.

Әлі күнге дейін мерзімі менің есімнен ешқашан шықпайтыны, әскерилер Семей полигонында 1989 жылы 12 ақпанда кезекті жоспарлы ядролық сынақ өткізді. Үңгірлердің (штольня) бірінде қуаты 70 кило тоннадан астам ядролық заряд жарылды. Әскерилер мен мамандардың қателігінен болар, соның салдарынан жер бетінде саңылаулар пайда болып, олардан екі тәулік бойы радиоактивті газдар шығып жатқан. Нәтижесінде пайда болған «радиоактивті бұлт» 300 мыңнан астам адам тұратын Семей, Павлодар облысына қарасты үлкен аумақты бүркеді. Бұл аймақта радиациялық фон 3000-4000 микрорентгенге жетті. Яғни бұл көрсеткіш қалыпты жағдайда сағатына 15-20 микрорентген болатын табиғи радиациялық фоннан екі жүз есе асып түскен болды.

Осы кезде Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыс басшысы болған, кейіннен полигонды жауып, зардап шеккен аймақтағы тұрғындарға көмек көрсету бастамасын көтеріп, үлкен еңбегі сіңген Кешірім Бозтаев жергілікті телеарнадан сөз сөйледі. Ал Алматыдағы Ғылым академиясы алдындағы алаңда белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов бастаған қазақтың зиялы қауымы митинг өткізді.

Жалпы алғанда, осы сәттерде қазақ халқының ашу-ызасын туғызып, Кеңес үкіметі мен Коммунистік партияға деген азайған сенімі жоғалып, елдің егемендікке ұмтылған сезімі қайта оянғанын ерекше айту керек.

Осы күрестің нәтижесінде, жалпы Кеңес дәуірінде тұңғыш рет, 1990 жылы Қазақстанда биліктегі коммунистік партияның рұқсатынсыз «Невада-Семей» жалпыхалықтық антиядролық қозғалысы (қазіргі кезде халықаралық деген мәртебеге ие болды) пайда болғанын айтқым келеді. Оның алғашқы және заңды төрағасы болып көрнекті қоғам қайраткері, ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов сайланды.

Өрісі кеңге жайылып, атағы көпшілікке тараған «Невада-Семей» қозғалысының бастамасымен, сол кездегі республика және жергілікті биліктің «үнсіз» қолдауымен сол 1990 жылдың 6 тамызында Семей облысының Абай ауданының орталығы - Қарауыл ауылында еліміздің әр түкпірінен жиналған 10 мыңнан астам адам қатысқан атышулы митинг өткізілді. Онда ядролық қаруды сынауға жалпы, бірдей мораторий жариялау жөнінде КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды. Онда былай делінген болатын: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада-Семей» қозғалысын құрдық». Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деп мәлімдеді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралында ашық әңгіме бола бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ақпараттарды ашық айтып қозғауға батылдары жетті. Бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді. Халықтың бастамасымен және талабымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу - «мораторий жасау туралы» шешім шығаруға мәжбүр болды. Осы жерде халықтың: «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген мақалы көңілге оралады. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы - ядросыз аймақ деп жарияланды.

Сөйтіп бірлік, табандылық, Отанын, жерін әрі елін сүйгіштік қасиеттерін айқын көрсеткен қазақ халқы өз мақсатына жетті.

Дүние жүзіндегі ажал отын шашқан ең үлкен полигон жабылып, Кеңес одағының басшылығы атом қаруынан бас тарту әрекетін жасай бастады. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды.

Айта кету керек, 1992 жылғы 18 желтоқсанда тәуелсіз Қазақстан Парламенті тарапынан қабылданған алғашқы заң актілерінің бірі саналатын «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Заңға сәйкес бүкіл Семей аумағы мен Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының полигонға жақын жатқан аудандары экологиялық апат аймағы деп танылды. Бұған қоса, Қазақстан үкіметінің зардаптарды жою, халықты емдеу, сауықтыру, оңалту, әлеуметтік қорғау және аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі шаралар кешенін қабылдауы қажеттігі бекітілді. Дегенмен заң талаптарында қажетті шаралардың әлі де бекітілмегенін және толық іске аспағанын ашық айтқан әділ болады деп ойлаймын. Себебі, 1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыстан бастап Семей, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары, радиациялық сәулеленудің ықпалына ұшыраған басқа да аумақтар тұрғындарының арасында сырқат санының ұдайы өсіп келе жатқаны байқалады. Бұлар - өкпе мен сүт бездерінің обыры (рак), лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісік патологиялары. Жалпы алғанда, жүргізілген дәрігерлік сараптамалардың қорытындысында қатерлі ісік ядролық сынақтар басталғаннан бері үш есе өскенін көрсетті. Семей полигонына жақын нақ сол аудандарда жетілуіндегі әр түрлі ауытқулар, тәндік және естік кемшіліктер әр қилы сәбилер дүниеге ерекше көп келетіні дәлелденді. Мамандардың айтуынша, соның бәрі нақ қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты. Адамдар ғана емес, Жер-ана да ауыр азап пен зор зардап шекті. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарлылығын азайтады. Жерде орасан зор микроэлементтер: темір, мыс, магний және басқа металдар әр түрлі дәнді дақылдар арқылы адам организміне сіңіп, радионуклидтер мен түрлі изотоптағы элементтер мың жылда да ыдырамайтыны айқын болды.

Қазақстанның батысында да Кеңес заманынан бері «Азғыр» ядролық сынақ аймағы болғаны мәлім. Ежелден аталарымыз еркін өмір кешкен заманында Бөкей хандығы болған осы өлкенің жері мен халқы да түрлі сынақтардан қыруар зардап шекті. Өңірдің экологиялық зардаптарын айқындап көрсетіп, тұрғындардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жалғасы ретінде Батыс Қазақстан облысында «Нарын» қозғалысы дүниеге келіп, ширек ғасырдан астам уақыт бойы қызмет атқарып келеді. Осы қозғалыс жетекшісі, еңбек ардагері Кәкен Көбейсінов аталған мәселені облыс басшылығына, Үкіметке,  Елбасының алдына тікелей қойып, Батыс Қазақстан өңірінің «Азғыр» ядролық сынақ аймағымен шекаралас аудандарының тұрғындары үшін шарапаты мол әлеуметтік маңызы бар шаралардың қабылдануына қол жеткізді.

Қорыта айтқанда, кезінде КСРО-ның АҚШ-пен ядролық тепе-теңдігін қалыптастырып, ұстап тұру үшін қазақтың қасиетті жерлері қаншама зардап шекті. Сол адамдар қолымен жасалған жарылыстардың кесірінен Семей, Азғыр ядролық сынақ полигондары маңындағы халықтың денсаулығына келген залалды қалпына келтіру үшін әлі талай шараларды жүзеге асыру қажет болар. Бұл істе, менің ойымша, КСРО-ның заңды мұрагері атанған Ресей Федерациясы көп міндеттемені өз мойнына алуы шарт. Себебі, қазақ жерінде 40 жылдан астам уақыт бойы зұлмат ядролық жарылыстар жасап, нәтижесінде өз қолдарына толық алып, иелік ететін «ядролық қорған» Ресейдің қорғаныс қуатын арттыруда екендігі әбден шындық. Бұған қоса қазіргі кезде Ресейге ұзақ мерзімге жалға берілген әскери полигондар мен Байқоңыр ғарыш айлағының қоршаған ортаға, сол жерлерді мекендейтін халыққа теріс әсері жайлы құпия қалпында қалуда. Кім білер, жылдар өтер, ол да кезіндегі Семей, Азғыр ядролық сынақ полигондары сияқты шындығы ашылатын болар деп сенемін.

«Ядролық сынақ полигондарындағы жарылыстар осыдан 25 жыл бұрын тоқтатылса да, Жер-анамыздан оның жаңғырығы әлі күңіреніп естіліп тұрғандай көрінеді. Киелі қазақ жері тек бейбіт мақсатқа, өркендеу жолында пайдаланылсын дегім келеді», деп түйіндеді ойын М.Қыдырбаев.