Семей және Зыряндағы үйлерден суды сорғыту жұмыстары жүріп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі су тасқынына байланысты өңірдегі қазіргі жағдай туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеше Ертіс өзенінің арнасынан тасуы салдарынан «Семей-Долан» автожолының 32-километрін су басты. Жергілікті полиция қызметі жол қозғалысын тоқтатып, бекет орнатты.

Құтқарушылар су тасқынына жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын - жалпы 18 адамды эвакуациялады. Оларға мектептен уақытша баспана берілді. Глуховка ауылында құтқарушылар жергілікті тұрғындар арасында қауіпсіздік шараларын сақтау жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бірлік ауылында 38 түтін бар, онда 116 адам тұрады. Мұнда ауданның ТЖ, Өрт сөндіру қызметтерінің қызметкерлері кезекшілік ұйымдастырған.
Кеше Бесқарағай ауданының Кривинка ауылында мамандар Ертіс өзенінің мұзын уату үшін жару жұмыстарын жүргізді.

Қазір Бесқарағай ауданында 40 құтқарушы, 13 техника және 4 жүзу құралы жұмылдырылған.

Сонымен қатар Зырян ауданында, Зырян қаласында да тасқын салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылар су астында қалған 72 үйді судан тазалап жатыр. Бір тәулікте 47 мың текше метр су шығарылды.

Тұрғысын ауылында су өткізетін арна кеңейтіліп, Чапаевода бөгет нығайтылып жатыр, Парыгинода су бұрғыш арна қазылуда, ал Андреевкада көпір жөндеуден өтуде.

Семейде де тасқын салдарын жою және қаланы тазалау жұмыстары жүргізілуде.

ШҚО ТЖД-да жедел штаб үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Көптеген ауданда жағдай тұрақтала бастаған соң кешеден бастап жедел желінің телефоны жабылды.