Семейде 18 жастағы жүргізуші адам қағып кетті

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында 18 жастағы жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 7 қыркүйек күні сағат 20:30 шамасында ВАЗ 2114 автокөлігінің жүргізушісі Рыков көшесінен Бозтаев көшесіне қарай келе жатып, реттелмеген жаяу жүргіншілер жолағында 24 жастағы азаматты қағып кеткен.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан әртүрлі дене жарақаттарын алған жаяу жүргінші медициналық мекемеге жеткізілді. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, соның қорытындысы бойынша көлік жүргізушісі жауапқа тартылады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Медициналық куәландырудан анықталғандай, жүргізуші мас күйде болмаған. Тергеу амалдары жалғасуда.